АСТАНА, 7 қазан - Sputnik. Абай облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлады Polisia.kz.
Жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 520-дан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Облыс аумағында шамамен 3 мыңға жуық көлік құралы тексеріліп, жүргізушілер мен жолаушылардың жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау деңгейі жан-жақты бақылауға алынды.
"Тексеру нәтижесінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамау, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау бойынша 133 құқық бұзушылық анықталды. Рейдтік іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың көлік жүргізу ережелерін сақтауын, қажетті құжаттарының дұрыстығын және көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексерді", - деп жазылған хабарламада.
Аталған шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жол ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру.