АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Астана қаласының екі тұрғыны шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырғаны үшін түрмеге қамалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Сотталғандар жалған құжаттар мен көрінеу жалған мәліметтердің негізінде шетел азаматтарына заңсыз түрде тұрақты тұруға рұқсат қағаздарын жасатқан. Сол үшін ақшалай сыйақы алып отырған.
Сотта екеуі тағылған айыпты толығымен мойындады. Судья барлық мән-жайды ескере отырып, оларды 1 жыл 6 ай және 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сондай-ақ, заңсыз алынған жалпы сомасы 100 мың АҚШ доллары, 2,5 млн теңге және 200 мың Ресей рублі мемлекет кірісіне өндірілді.
Айта кетері, көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкі де тәркіленеді.