АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Министр бүгінде елімізде осы мақсатта білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, ұстаздардың кәсіби беделін арттыруға, әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды қадамдар жасалып жатқанын айтты.
"Ұстаз – жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасын айқындайтын тұлға. Олар жас ұрпақты үздіксіз оқуға, өзін-өзі дамытуға бағыттайды, болашаққа сеніммен қадам басуына жол сілтейді. Сондықтан ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, оларға үнемі құрмет көрсетіліп келеді", – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Министр педагогикалық қоғамдастықпен бірқатар ұстанымдарымен бөлісті.
"Біріншіден, мектепте сапалы, қолданбалы білім берілуі тиіс. Екіншіден, білім жүйесі аясында оқушылардың адамгершілік мен моральдық келбетін қалыптастырудың "Адал азамат" біртұтас тәрбиелік бағдарламасын мазмұнды жүзеге асыруды ары қарай жалғастырамыз. Үшіншіден және ең бастысы, мұғалімнің біліктілігін үздіксіз арттыру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты басымдығымыз болады", – деді министр.
Сонымен қатар, министр мұғалімдерге оқу үдерісіне қатысы жоқ қосымша шаралар мен артық жұмыстар жүктелмеуі тиіс екенін баса айтты.
Жұлдыз Сүлейменова кәсіби жетістіктерге жеткен және оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен педагогтерді "Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарымен және "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградаларымен марапаттады.