АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Міржақып Дулатұлы "Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім" деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.
Президент соңғы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, жаңа мектептер салынғанын айтты. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өскен.
"Келешек мектептері" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. ", – деді президент.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.