АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов алаяқтарға көмектесетін банк қызметкерлерінің тізімін құқық қорғау органдарына беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Рақымжанов премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Қазақстанда алаяқтық жолмен кредит рәсімдейтін қылмыстық топ бар. Оған қатысты арыз-шағымдар көп түсіп жатыр.
"Осы қылмыстар екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің қатысуымен жасалады. Дәл осы мәселе үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, кредиттер жалған сенімхаттардың негізінде рәсімделеді. Ондай құжаттарда кей кезде рәсімделген күні де көрсетілмеген. Сондай-ақ, адамдарың келісімі мен биометриялық идентификациясы жоқ", - деді Рақымжанов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына тура сондай жолмен кредит рәсімделген.
"Оларға белгісіз біреулер хабарласып, нақты банк бөлімшелеріне және нақты бір менеджерлерге жіберген. Сол жерде азаматтар мен олардың туыстарына кредит рәсімделді. Партияда ол қызметкерлердің тізімдері бар. Біз оны құқық қорғау органдарына ұсынамыз", - деп атап көрсетті жалпыұлттық социал-демокраиялық партия төрағасы.