АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Алматы облысында 58 келіден астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткінің ірі заңсыз тасымал арнасы "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
"Алматы – Бішкек" автожолының 58-ші шақырымында Toyota Camry автокөлігі тоқтатылған. Көлікті тексеру кезінде жүксалғышынан қара полиэтилен қаптарға оралған үш полимер қап табылды.
"Оның ішінен ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат шықты. Сараптама қорытындысы бойынша бұл – кептірілген марихуана екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 58 келі 560 граммды құрады", - деп жазылған хабарламада.
Аталған дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 55 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.