АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Былтыр Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы 37,3 млрд доллар болды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Минск қаласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары кеңесінің отырысында айтты.
Қазақстан премьер-министрі өз сөзінде достастық елдерінің ЖІӨ-дегі жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен 4,5%-ға өсіп отырғанын атап өтті.
"Бес жыл ішінде ішкі сауда 40%-ға артты. Өткен жылы еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрады, соның ішінде қызметтер саудасының көлемі 9,4%-ға артып, $4,3 млрд-қа жетті", - деді ол.
Экономиканың қарқынды өсуін қамтамасыз ету үшін цифрлық трансформацияны арттыру және жасанды интеллектіні енгізу саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылып отыр.
Жиында көлік-транзиттік әлеуетті жаңғырту, ШОБ-ты қолдау, орман ресурстарын ұтымды пайдалану және ағаш өңдеуді дамыту саласындағы өзара іс-қимылға да назар аударылды. Экологиялық материалдарға әлемдік сұраныстың өсуіне байланысты шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім өндірісіне көшудің де маңыздылығы аталып өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша халықаралық бірқатар құжатқа қол қойылды, олардың ішінде:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2026–2035 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму стратегиясы;
ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған ақпараттық қоғам мен цифрлық экономиканы дамытудағы ынтымақтастық стратегиясы;
ТМД-ға мүше мемлекеттердің негізгі мультимодальды көлік дәліздерін цифрландыру стратегиясы;
Шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің ынтымақтастығы туралы келісім;
ТМД-ға мүше мемлекеттердің құрылыс қызметіндегі баға белгілеу тұжырымдамасы және тағы да басқалар.
ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2026 жылдың бірінші жартысында Ашхабад қаласында (Түрікменстан) өтеді.