АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Үкімет астық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау шараларын тағы бір жылға ұзартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде субсидиялар астықты тасымалдауға байланысты кететін шығындарды арзандатуға мүмкіндік береді. Мәселен, экспорттық бағытқа байланысты өтемақы көлемі бір тонна астық үшін 20-30 мың теңгені құрайды.
Жартылай субсидиялауға жататын транзиттік бағыттар:
Ресей Федерациясы аумағы арқылы Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына;
Ресей Федерациясы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы және Эстония Республикасы аумағы арқылы Балтық теңізінің порттарына;
Ресей Федерациясы аумағы арқылы Латвия, Литва және Эстония республикаларына;
Әзербайжан Республикасы мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттарына;
Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан Ислам Эмиратына;
Түрікменстан аумағы арқылы Иран Ислам Республикасына;
Қытай Халық Республикасы аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне;
Ресей Федерациясы аумағы арқылы Грузия мен Арменияға.
Осы уақытқа дейін Азық-түлік корпорациясы арқылы астық өндірушілер мен экспорттаушыларға 828,4 мың тонна бидай тасымалы үшін 19,1 млрд теңге аударылды. Ал бидай экспортының жалпы көлемі 1,2 млн тоннаны құрады. Соынң басым бөлігі Әзербайжанға (43%) және Балтық елдеріне (30%) жіберілді.
"Мәселен, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Қазақстан шамамен 12,8 млн тонна астық экспорттап, дәстүрлі бағыттардағы (Орталық Азия елдері мен Каспий өңірі) ұстанымдарын сақтаумен қатар, жаңа өткізу арналарына да шықты. Атап айтқанда, алғаш рет Қазақстан бидайының сатып алушылары қатарына Марокко, Алжир, Мавритания, БАӘ, Вьетнам, сондай-ақ, бірқатар еуропалық елдер – Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Шотландия кірді", - дейді министрлік мамандары.
Бұған дейін шетелдік импорттаушылар Қазақстанды негізінен қатты (дурум) және жоғары ақуызды (hi-pro) бидай жеткізушісі ретінде таныса, енді олар еліміздің жұмсақ бидайының сапасын да мойындай бастады. Ал мемлекеттік қолдау шараларының 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылуы астық жөнелтілімдерінің қарқынын сақтап, өткен маусымда ашылған болашағы зор экспорттық нарықтарда қазақстандық бидайдың орнын нығайтады.