АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Семей қаласында 20 адам мінген автобусқа жүк манипуляторы соқтығысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол апаты 26 қыркүйекте кешкі сағат 18:20-да Абай және Шәкәрім көшелерінің қиылысында болған. Жүк манипуляторының жүргізушісі оңға бұрылып жатқанда краны ажырап, жолаушылар автобусының кабинасына соғылған. Сол кезде автобус салонында шамамен 20 адам болған.
"Жол апаты салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлік көмектен кейін олар үйіне жіберілді", - дейді полицейлер.
Ал жүк көлігінің жүргізушісі жәбірленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.