АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысындағы заңсыздықтар анықталды, деп хабарлады бас прокуратура.
Талдау нәтижесінде азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алу үшін аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйлерін көрсеткен фактілері анықталды.
Атап айтқанда, Жетісай ауданының 17 тұрғыны өздерінің нақты тұрғылықты мекенжайларын жасырып, бір аз қамтылған отбасының үйін көрсеткен.
"Осыған ұқсас 65 жағдай Жетісай, 3 факті Сайрам және 1 заңсыздық Сарыағаш аудандарында да анықталған", - деп жазылған хабарламада.
Жекелеген азаматтардың құқыққа қайшы заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 17 млн теңге залал келтірілген.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.