АСТАНА, 26 қыркүйек — Sputnik. Қаржы министрлігі ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды жөндеу, оның ішінде оларды қалпына келтіру және құрамдас бөліктерін ауыстыру бойынша қызметтер тізбесін бекіту туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
"Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қаржылық жүктемені азайту және Қазақстан Республикасында қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелінетін көлік құралдары мен тауарлардың жекелеген санаттарын әкелу мен жөндеу кезінде оларды қосылған құн салығынан босатудың құқықтық тетігін құру жобаның басты мақсаты болып отыр", - делінген құжатта.
Жоба сондай-ақ жекелеген санаттағы тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын әкелу мен жөндеу кезінде ҚҚС төлеуден босату ережелерін белгілейді.
Нәтижесінде қаржы министрлігі салықтық жеңілдіктер, импорттық тауарларды жөндеу және қалпына келтірудің жеңілдетілген рәсімдері, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың ЕАЭО елдері арасындағы бәсекеге қабілеттілігінің артуы есебінен бизнес шығындарының төмендеуін күтіп отыр.
Құжат 2025 жылдың 10 қазанына дейін қоғамдық талқылауда болады.