Көршісінің сөзі есіне түскен: Атырау тұрғыны әйелін өлтіргені үшін сотталды

1990 жылдардың ортасында дастарқан басында көршісі ер адамға қыздарыңның бірі сенің туған қызың емес деп айтып қалған
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Атырауда 61 жастағы тұрғын әйелін өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға отыз жыл бұрын басталған. 1990 жылдардың ортасында дастарқан басында көршісі ер адамға қыздарыңның бірі сенің туған қызың емес деп айтып қалады.
"Ертеңіне көршісі "мас болдым, олай айтуыма ешқандай негіз жоқ" деп ақталған. Алайда бұл сөздер ойында қалып, уақыт өте келе мазалайтын болған", - деп жазды басылым.
Ойындағы күдік бара-бара күшейіп, әйеліне сенбей қалатын күйге жеткен. Ол әйелін қызғанып, опасыздық жасадың деп айыптап, ұрыс-керіс шығарып жүрді. Ал өзі ішімдікке әуес бола бастаған.
Биыл мамырдың басында сол жағдай қайта есіне түскен. 1-6 мамыр аралығында ол ішімдік ішуден қол үзбейді.
"6 мамыр күні кеште мас күйде әйелін қайтадан жазғырып, ас үйге барып ішімдік ішуін жалғастырды. Таңға жақын оянып кетіп, жанында ұйықтап жатқан әйелін көріп, қызғаныштан оны өлтіруге бел буады.Сейфтен өз атына тіркелген аңшы мылтығын алып, оқтап, дәл тақап тұрып екі рет атып жібереді. Әйелі сол жерде жан тапсырды", - деп жазылған материалда.
Таңертең ер адамның өзі полицияға қоңырау шалып, жасаған ісін мойындады.
Тергеу және сот оның әрекеттерін ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы ("Кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру") бойынша саралады.
Судья Зарема Хамидуллина оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.