Электронды сауда жасау тәртібі ЕАЭО Кеден кодексінің ережесіне сәйкестендіріледі

Парламент сенаты Еуразиялық одақ құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек — Sputnik. Сенаторлар мақұлдаған құжатта "электронды коммерция операторы" және "электронды сауда арқылы сатып алынған тауарлар" ұғымдары енгізілген.
"Енді мұндай тауарларды электронды кедендік декларацияны қолдану арқылы оңайлатылған тәртіпте ресімдеуге болады. Заң ЕАЭО елдерінде бірыңғай тәсілді енгізеді және кәсіпкерлер мен сатып алушылар үшін трансшекаралық операцияларды жеңілдетеді", - делінген Сенат таратқан хабарламада.
Түзетулер электронды сауда алаңдары арқылы жеке тұлғалар сатып алған тауарларды ресімдеу, декларациялау, уақытша сақтау және шығару тетігін заңды түрде бекітеді, сондай-ақ осы санаттағы тауарлар бойынша кедендік баждарды алу тәртібін айқындайды.
Қаржы және бюджет комитеті хаттаманы ратификациялау электронды коммерцияны реттеудің құқықтық негізін құруға және электронды сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға мүмкіндік беретінін баса айтты.
Бұдан басқа, бұл техникалық регламенттердің сақталуын қадағалауды күшейтуге және импортталатын тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтардан бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға ықпал етеді.
Құжат президентке қол қоюға жіберілді және ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.