Депутат мектепте бөлім мен тоқсандық бағалауды алып тастауды ұсынды

Депутат бағалау тәсілін құндылыққа, жеке даму прогресіне бағыттауды қолға алу қажеттігін айтты
Sputnik
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Депутат Қайрат Балабиев мектепте бөлім жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жүйесін алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің бүгінгі отырысында Балабиев үкіметке депутаттық сауал жолдап, жоғары сыныптарда мамандығына байланысты кәсіби бағдарды күшейту қажеттігін жеткізді. Әсіресе, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, тарих, құқық негіздері, шет тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесін жетілдіру керек.
"Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың бөлім жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау секілді формалды жүйелерді білім үдерісінен алып тастауды және бағалау тәсілін құндылыққа, жеке даму прогресіне бағыттауды қолға алу қажет", - деді Балабиев.
Оның айтуынша, бақшалардан бастап барлық орта мектеп бағдарламасына еңбекке баулу, шығармашылыққа үйрету және тұлғалық дамуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізген жөн.
Бірінші қыркүйектен бастап барлық мектепте буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады