АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Үкімет қыркүйек айының соңында ауа райы астық жинауға қолайсыз болатынын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, 23-30 қыркүйек күндері егін жинайтын аймақтарда ауа райы қолайсыз болады.
"Қостанай, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде жаңбыр жауады. Ақтөбе облысында 26-30 қыркүйек аралығында жаңбыр жауады", - деді экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сол сияқты Батыс Қазақстан (25-29 қыркүйек), Қарағанды, Ұлытау (23-30 қыркүйек), Павлодар (23-25 қыркүйек пен 28-30 қыркүйек), Шығыс Қазақстан (23-24 қыркүйек пен 29-30 қыркүйек) облыстарында ауа райы жаңбырлы болады. Түнгі уақытта үсік жүруі де мүмкін.
Ал қазан айында ауа райының орташа температурасы қалыпты деңгейде болады.
Айта кетері, Қазақстанда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылды. Биыл шамамен 24 млн тонна астық жиналады деген болжам бар.
Былтыр астық жинау науқаны қазанның соңында аяқталып, рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды.