Қазақстанның цифрлық шешімдеріне Армения, Қырғызстан және Тәжікстан қызығушылық танытты

Видеокөпір барысында ЕАЭО елдерінің цифрлық жобалары талқыланды
Sputnik
АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Sputnik. Қазақстан алаңында өткен Мәскеу-Минск-Бішкек-Ереван-Астана видеокөпірі барысында Еуразия даму банкі басқарма төрағасының орынбасары және ЕАДБ Цифрлық бастамалар қорының кураторы Тигран Саркисян Қазақстанның цифрландыру саласында бай тәжірибесі бар екенін атап өтті.
"Армения біз Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаларға қызығушылық танытты. Бұл жобалар талқылау тақырыбына айналды (...). Атап айтқанда, Қырғыз Республикасының Қазақстанда сәтті жүзеге асырылып жатқан шешімдерді енгізуге қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Тәжікстандық әріптестеріміз де осындай қызығушылық танытуда", - деді ол.
Оның айтуынша, қазір ЕАДБ қоры мен қазақстандық әзірлеушілердің қаржылық қолдауымен цифрлық трансформация жобаларын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Ол қазір Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тағы бір жобаны – республикадағы су ресурстарын есепке алу платформасын осы елдерде кеңейтуге болатынын айтты.
"Жалпы, Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті. Сондықтан бұл мәселе біздің банктің басым жобаларының бірі болады", - деді ЕАДБ төрағасы.
Саргсян сонымен қатар "ЕАЭО-дағы жұмыс" қосымшасының соңғы жаңартулары жайлы айтты. Ең үлкен артықшылығы – бұл жылдам тіркелу және жылдам жауап алу. Бұл жұмыс беруші мен өтініш беруші арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар патент алу процесі оңтайландырылды, рұқсат құжаттарын тексеру қызметі енгізілді. Бұл тұруға ықтиярхат, патент, уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат сияқты құжаттарды жедел тексеруге мүмкіндік береді.
Сөз соңында ол биылғы цифрлық жобалар байқауының жеңімпаздарын құттықтады.