АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде информатика пәнінің атауы өзгерді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтырдан бері мектептерде жасанды интеллект технологиялары енгізіле бастады. Бұл оқу процесінің барлық деңгейінде қосымша білім беру құралы ретінде пайдаланылады.
"200 мыңға жуық педагог дайындалды. Олар бүгінде дәріс беріп жүр. Жасанды интеллект оқудың сапасына, оның жан-жақты игерілуіне көмектесетін құрал. Бірақ педагогтің негізгі рөлі қалады. Жасанды интеллект ешқашан педагогті алмастыра алмайды. Ал жаңа оқу жылынан бастап "Информатика" пәні "Информатика және жасанды интеллект" деп аталады", – деді Жұмашев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұдан бөлек, министрлік дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдауға арналған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Соның негізінде олимпиадалар мен конкурстарды онлайн форматта ұйымдастыруға болады.
Сонымен қатар, тәжірибелі тренерлерден кеңес алу, онлайн-оқыту мен интеллектуалдық жарыстарға дайындалу қызметтері бар.