АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Австралия билігі әнші VASSY-ге Ресейдегі "Интервидениеде" өнер көрсетуге тыйым салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
VASSY – АҚШ және Австралияның азаматы. Ол конкурста Американың атынан қатысады деп жоспарланған.
"Ұйымдастырушылар мен АҚШ делегациясына қатысты емес себептерге байланысты, Австралия үкіметінің саяси қысымы салдарынан әнші VASSY байқаудың финалдық шоуында өнер көрсете алмайды", - деп хабарлады байқаудың баспасөз қызметі.
Алайда Америка Құрама Штаттары "Интервидениенің" толық қатысушысы болып қалды және халықаралық қазылар алқасында Deep Purple тобының вокалисі отырды.
Еске сала кетейік, биылғы "Интервидение" ән байқауында вьетнамдық әнші Дык Фук жеңіске жетті. Қырғызстан екінші орынға жайғасты, Қатар үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан атынан Amre есімімен танымал әнші Ернар Садырбаев қатысты, ол жетінші орыннан көрінді.
Жеңімпазды әр елден бір сарапшыдан тұратын халықаралық кәсіби қазылар алқасы анықтады. Өз елі үшін дауыс беруге тыйым салынады, нәтиже жабық жүйеде тіркеледі және тек сахнада жарияланады.
"Интервидение" ән байқауын 2026 жылы Сауд Арабиясы өткізеді.