АЛМАТЫ, 21 қыркүйек – Sputnik. Астанада Абай және Атырау облыстары тауар өндірушілерінің кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі
Жәрмеңкеде тауар өндірушілер ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидектер сынды әртүрлі өнімдерді тікелей фермерлерден ұсынады. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттырып, отандық өндірушілерді қолдауға септігін тигізеді.
"Атап айтқанда, өңірлік тауар өндірушілер шамамен 400 тонна өнім әкелген. Оның ішінде 140 тонна ет және ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық, 15 тонна сүт өнімдері және шамамен 20 тонна өзге де азық-түлік өнімдері бар", - деп жазылған хабарламада.
Елорда тұрғындары мен қонақтары өнімдерді фермерлерден тікелей сатып алып қана қоймай, өңірлік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетері, биыл жәрмеңке Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы бойынша орналасқан "Қазанат" ипподромының автотұрағында өтіп жатыр. Сондай-ақ жәрмеңке күндері елорда тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар қатынауда, бұл іс-шара өтетін орынға қолайлы жетуге мүмкіндік береді.