АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Бас прокурор Берік Асылов "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң қабылдалғалы бері олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілгенін, оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түскенін хабарлады.
Асыловтың хабарлауынша, қайтарылған қаражат есебінен жалпы сомасы 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды.
Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалып, олар елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттемелер қабылдады.
Атап айтқанда, Алматы қаласында жаңа туристік кешен, басқа өңірлерде көлік-логистикалық орталықтар мен зауыттар салынады.
"Мысалы, 3 000-нан астам жұмыс орны құрылатын тау-кен байыту комбинаты салынады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ресурстарды өңдеу деңгейін арттырады, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, салық түсімдерін көбейтеді", - деп жазды Асылов.
Айтуынша, бұдан бөлек, субъектілер 16 мектеп пен балабақша, 8 дәрігерлік амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысанын салады. Жалпы құны – 122 млрд теңге.
Бұл 8 000-нан астам қосымша жұмыс орнын ашады.
Бас прокурор барлық жобаға қатаң бақылау орнатылатынын ескертті.
Инвестицияларды қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағытына айналды, деп атап өтті Асылов. Бүгінде прокурорлар жалпы сомасы 87 трлн теңге болатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде.
2023 жылдан бері:
937 проблемалық кейс шешілді, 1 732 инвесторға (соның ішінде шетелдік инвесторларға) көмек көрсетілді;
"прокурорлық сүзгі" енгізілді, ол прокурордың келісімінсіз тексерулер мен санкцияларды жүргізуге жол бермейді;
370 заңсыз тексеру, 438 әкімшілік іс, 200 шектеу шарасы тоқтатылды;
бизнесті шектейтін 1 000-нан астам шешімді келісуден бас тартылды;
307 лауазымды тұлға жазаланды.
Бұл шаралар нәтижесін берді:
мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы талап-арыздары 60%-ға азайды;
әкімшілік істер 12%-ға қысқарды;
бизнеске қатысты қылмыстық істер саны 10 есе азайды (1 553-тен 154-ке дейін).
Айқын мысал — Алматы қаласында Haval, Chery, Changan маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендті зауыт жобасын іске асыру барысында инвестор бірқатар қиындықтарға тап болды.
"2022 жылдан бері әкімдік тарапынан газға қосылуға рұқсат берілмеді, 2023 жылы құрылысқа архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы берілмеді, 2024 жылы электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар берілмеді. Объектіні пайдалануға беру актісі де кешіктірілді", - деп атап өтті Асылов.
Прокуратура араласуының арқасында бұл мәселелердің барлығы инвестор пайдасына шешілді.