АЛМАТЫ, 19 қыркүйек – Sputnik. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жол төсемінің шөгуі мен жиектастың негізсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов және Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Ал Бостандық ауданы әкімінің орынбасары мердігер жұмысына тиісті бақылау жүргізбегені үшін қызметінен босатылды.
"Әуезов ауданындағы Аманжол және Яссауи көшелеріндегі асфальт отырған. Ерменсай шағын ауданында траншеялар шайылған. Сондай-ақ Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталар ұрланды. Осыған байланысты қала әкімі Дархан Сатыбалды қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды", - дейді әкімдік.
Мердігер ұйымдардың жұмысын тиісінше бақыламау салдарынан нөсер кезінде Аманжол көшесінде жол төсемі шөгіп, 13 автокөлік зақымдалды. Бұл маңда сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын "Спецстрой Групп ЛТД" ЖШС орындаған.
"Сондай-ақ Яссауи көшесінде асфальт опырылған. Бұл маңда ұзындығы 2,8 км болатын кәріз желісін "Спецкоммунстрой" мердігер ұйымы салған. Осыған байланысты Әуезов ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланды", - дейді ведомство.
Бұдан бөлек, Ерменсай шағын ауданында инженерлік коммуникациялар тарту үшін қазылған траншеяларды қатты су ағыны шайған. Автокөлік қозғалысына кедергі келтірген учаскеде "SGGroup Сапа Строй" ЖШС жұмыс істеген. Сондай-ақ әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі жерасты өткелінде гранит плиталар негізсіз ауыстырылған. Бақылаудың болмауына байланысты Бостандық ауданы әкімінің жауапты орынбасары қызметінен босатылды.
"Мердігер ұйымды бақылауда кемшілік жібергені үшін Медеу ауданы әкіміне де қатаң сөгіс жарияланды. Уәлиханов бульварындағы жиектасты заңсыз шешіп алып, плиталарды облыстағы жеке үйге жеткізу оқиғасы қоғамда үлкен наразылық туғызды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - дейді Алматы қалалық әкімдігі.
Сонымен қатар қала басшысы Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және іргелес аумақты абаттандыру жобасын орындап жатқан "Павлодар өзен порты" АҚ мердігер ұйымының жұмысындағы кемшіліктерге қызметтік тексеріс жүргізуді және оның себебін анықтауды тапсырды. Осыған байланысты жобаның тапсырыс берушісі – Экология басқармасының басшысына сөгіс жарияланды. Әкім сондай-ақ полиция департаменті бастығына Үлкен Алматы жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеуінің нәтижесі бойынша есеп беруді тапсырды.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды қысқа мерзімде жобалардағы анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ ГАСК-қа мердігер ұйымдардың және техникалық қадағалау қызметінің жұмысын қайта тексеру міндеттелді. Егер бұл мердігер ұйымдардың жұмысын адал орындамағаны расталса, қатаң шара қолданып, айыппұл салынады.