"Болашақ" түлегі ауыл балаларына халықаралық тәжірибе негізінде білім беріп жүр

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қыркүйек - Sputnik. Абай облысында жас мұғалім Нұрлан Құмаров балаларға халықаралық тәжірибе негізінде білім беріп жүр, деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Математика пәні мұғалімі, "Болашақ" бағдарламасының түлегі туған ауылындағы Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектепте қызмет етеді.
Нұрлан Құмаров балаларға халықаралық тәжірибе негізінде білім беріп жүр
"Қазіргі таңда жас маман 5, 8 және 10-сыныптарға математикадан сабақ береді. Ол саралап оқыту әдісін, зерттеу тәсілі мен жасанды интеллектке негізделген бейімделген оқыту платформаларын (DreamBox, Khan Academy, GeoGebra, Mathspace, ASSISTments, Zearn т.б.) тиімді қолданады. Нұрлан Құмаров оқушылардың білім сапасын арттыруға, пәнге қызығушылығын күшейтуге басымдық беред", - дейді ведомство.
Шетелде білім алған маманның мақсаты айқын.
"Ауыл мектебінде де әлемдік білім тәжірибелерін қолдануға болады. Менің мақсатым – әр оқушының әлеуетін ашу, білімін тереңдету және заманауи әдістер арқылы олардың болашағына сенімді қадам жасауына жағдай жасау", – дейді Нұрлан Құмаров.
Ол "Болашақ" халықаралық бағдарламасы аясында Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті "Жоғары экономика мектебі" білім институтында магистратураны тәмамдаған. Эмоционалдық бұзылыстары бар оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға арналған ғылыми жұмысты қорғаған. Бағдарлама барысында Мәскеу қаласындағы мектепте орыс тілінде математикадан сабақ беріп, екі жыл тәжірибе жинады. Сонымен қатар ол дарынды балаларды олимпиадаларға дайындап қана қоймай, өз білімін де үздіксіз жетілдіруді басты мақсат еткен.
Айта кетері, бейімделген оқыту (Adaptive learning) – оқушының жеке қабілеті мен қарқынына қарай оқу материалын іріктейтін заманауи әдіс. Бұл тәсіл дәстүрлі сабақ пен онлайн платформаларды үйлестіре отырып, білімді тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.