АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. "OŃTÚSTIK" телеарнасының журналистері әлем чемпионы Махмұд және Төрехан Сабырханның ата-анасымен сұхбаттасты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әкесінің айтуынша Төрехан үшін қатты уайымдаған.
"Махмұдтың жеңісіне сеніп отырдым. "Татош" - Төрехан жұдырықтасып жатқанда теледидардың ішіне кіріп кете жаздадық. Бірінші раундта 4:1 есебі тіркелгенде, қатты қобалжыдық. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жеңгенде қуанышымда шек болмады. Алайда қуаныштың көз жасы бірден шықпады. Айбектің жекпе-жегі біткеннен кейін оңаша отырып, ойға баттым. Сол кезде көзімнен жас ыршып түсті", - дейді Айдархан Сабырханұлы.
Қос чемпионның анасы Меңтай Жетпісқызы Төреханды неге жақындары "Татош" деп атайтынын түсіндірді.
"Әулетімізде Төрехан деген үлкен кісі болған. Сол кісінің атын атамаймын деп кішкентайынан "Татош" деп кеттік. Балаларымның бәрін бірдей көремін", - дейді ол.