АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қазір өртеніп жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына барды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы жергілікті жерде полигон аумағын аралап, арнайы құрылған жедел штабтың жұмысымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша әкім бірқатар нақты тапсырма берді:
инертті материалдарды жеткізуді күшейтіп, бықсып жанған орындарды жедел көму;
тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жел бағытының өзгерісін тұрақты бақылауда ұстау;
топырақты нығыздау үшін қосымша арнайы техниканы тарту;
халықты өртті сөндіру барысы мен қауіпсіздік шаралары туралы ашық әрі тұрақты түрде ақпараттандыру.
Марат Сұлтанғазиев жағдайға қатысты пікірінде жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық күш пен техника ірі өрттің салдарын толық жоюға жұмылдырылған.