АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Түркістан қаласында бірегей спорт нысаны – Есу каналы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.
Спорт кешенінің Орталық Азияда теңдесі жоқ және толықтай Халықаралық каноэ федерациясы (ICF) мен Халықаралық академиялық есу федерациясының (FISA) стандарттарына сәйкес келеді.
"Нысанның ашылу салтанатына Қазақстанға арнайы келген ICF президенті Томас Кониеццко спорт кешеніне жоғары бағасын берді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше қазіргі таңда еліміздің 12 өңірінде академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, есу слаломы спорты дамып келеді. Бұл спорт түрлерімен жүйелі түрде 6 131 адам айналысады. Олармен 174 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Академиялық есу – ең көп медаль жүлде сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Мәселен, Олимпиадада 14 жиынтық медаль үлестіріледі. Ал әлем чемпионаттарында 20-дан аса бағдарлама бар. Осылайша бір елдің спортшысы бір мезетте бірнеше санатта жүлде алып, өз мықтылығын дәлелдей алады. Бірнеше бағдарлама арқасында академиялық есу әрі жеке шеберлікті, әрі командалық жұмысты дамытуға мүмкіндік береді.
"Түркістандағы есу каналының жалпы аумағы – 100 гектар, ұзындығы шамамен 2,5 шақырым. Бірегей спорт кешені академиялық есу, байдарка мен каноэ бойынша әлемдік деңгейдегі жарыстардан бастап Әлем және Азия кубогіне дейінгі турнирлерді өткізуге және спортшылардың тұрақты жаттығу жасауына мүмкіндік береді", - дейді министрлік.
Сонымен қатар канал суы қаладағы суармалы жүйеге, жасыл белдеуді суаруға қолданылады. Ал арна аумағында ұзындығы 1 шақырымдық қалалық жағажай, қонақ үй, көрермендерге арналған трибуна орналасқан.
Айта кетері, биыл жыл соңына дейін тағы бір ірі нысан – Астанадағы Ұлттық спорт университеті пайдалануға беріледі деп жоспарланған.