АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан ішкі істер министрлігі халықаралық кибер алаяқтық арнасының таратылғаны туралы хабарлады.
Операцияға Ресей, Қазақстан және Қырғызстан киберполициясының қызметкерлері қатысты.
Трансұлттық қылмыстық топ SIM-бокс құрылғыларын жеткізумен айналысқан. Олардың көмегімен ТМД азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жүзеге асырылған.
"8 қыркүйекте Бішкекте күдікті ұсталды. Ол жалға алған пәтерде тінту барысында 32 слотқа арналған SIM-бокс, үшінші тұлғаларға ресімделген 70-тен астам SIM-карта, IP-алмастыруға арналған жабдықтар, компьютерлер мен смартфондар тәркіленді. Қылмыстық әрекеті үшін қаскүнем апта сайын 500 АҚШ долларын алғаны алдын ала анықталды", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Мұндай құрылғылар қылмыскерлерге банктер, мемлекеттік органдар және маркетплейстер атынан жаппай фрод-қоңыраулар жасауға және хабарламалар жолдауға мүмкіндік береді.
2025 жылдың басынан бастап киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтар пайдаланған 77 сим-бокс пен 90 мыңға жуық сим-карта тәркіледі.
ІІМ 16 қыркүйектен бастап заңнаманың жаңа нормалары, соның ішінде дропперлердің әрекеті үшін жауапкершілік, онлайн-несиелеуді шектеу және SIM-карталардың айналымын реттеу күшіне енетінін еске салды.