АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәжіліс пен сенат депутаттарының жалақысына кететін қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін төменгі палатада үш жылға арналған республикалық бюджет талқыланды. Сол кезде журналистер парламентке кететін шығындар жайында сұраған. Қаржы вице-минитсрі жалақыға кететін соманы атады.
"Парламентте депутаттардан бөлек мәжіліс пен сенатта саяси қызметшілер, сондай-ақ, әкімшілік қызметкерлері бар. Олардың бәрін қосқанда жалақыға кететін қаржының жалпы көлемі 7,8 млрд теңгені құрайды", - деді Бейсенбекұлы отырыстан кейінгі брифингте.
Қазіргі кезде мәжілісте 98 депутат, ал сенатта 50 депутат бар. Вице-министрдің айтуынша, бір палаталы парламентке көшкенде депутаттардың саны азаюы мүмкін.
Айта кетері, биылғы жолдауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаты парламентті құру мәселесін референдумға шығаруды ұсынды.