ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пункті жыл соңына дейін жаңғыртылады

Өткізу пункттеріндегі уақыт 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 қыркүйек - Sputnik. Жыл соңына дейін ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды.
Премьер-министр Бектеновтың айтуынша, өткізу пункттеріндегі уақыт 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
"Үкімет шекарадан өту рәсімдерінің барлығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Өткізу пукттерінде жылдамдық пен жайлылық стандартқа айналуға тиіс. Қаржы, көлік министрлігіне, әкімдіктер мен шекара қызметімен бірге жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды тапсырамын", — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды – қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажеттігі айтылды.
Бүгінде сақтау, сұрыптау, тасымалдау және цифрлық сервистерге инвестиция салуға дайын инвесторлар бар. Премьер қаржы министрлігіне көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру министрліктерімен, шекара қызметі және әкімдіктермен бірге осы инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
ЕАЭО кедендік өткізу бекеттерін жайластырудың бірыңғай талаптарын әзірлеп жатыр