АСТАНА, 9 қыркүйек – Sputnik. Алматы қаласында полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында соның ішінде электросамокаттардың қатысуымен, ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізді.
Тәулік ішінде самокат жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы туралы заңнаманы бұзудың 800-ден астам дерегі анықталды.
Атап айтқанда:
жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын талаптарды сақтамаудың 489 дерегі;
жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуының 237 дерегі;
ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамауының 11 дерегі;
көшені абаттандыру ережелерін бұзудың 47 дерегі;
қоғамдық орындарды ластау бойынша 23 құқық бұзушылық анықталған.
Сонымен қатар тротуарларда және жолдарда электросамокаттарды бейберекет қалдыру деректері анықталды. 259 самокат арнайы тұраққа қойылды.