АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Елордалық әйел төмен пайыздық мөлшерлемеде несие рәсімдеуге уәде беріп, 5 млн теңгені иемденіп алған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 37 жастағы әйел қаржылай көмек көрсетемін деген желеумен жәбіренушінің сеніміне кірген. Ол өзін несие рәсімдеу саласында тәжірибесі бар маман ретінде таныстырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы 8 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алып беремін деп уәде еткен.
"Ол түрлі сылтаумен алдын ала төлем талап етіп, нәтижесінде жәбірленушіден жалпы сомасы шамамен 5 млн теңгені иемденген", - дейді полиция.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оған алаяқтық бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында полицейлер күдіктінің дәл осындай 30-дан астам іске қатысы бар екенін анықтады.