АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысында 86 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Заңсыз алынған көмектің салдарынан мемлекетке 17 млн теңге шығын келтірген.
Статистикалық деректерге сәйкес, биыл атаулы әлеуметтік көмекті 91 мың адам алған. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 168 мың адамнан 97 мың адамға азайған.
"Алайда талдау нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген жекелеген отбасылар өтініш берген кезде бір мекенжайды көрсеткендері белгілі болды. Одан бөлек 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар жасалып, 9,7 млн теңге заңсыз төленген", - дейді ведомстводағылар.
Сондай-ақ 22 отбасы өздерінің меншігіндегі автокөлік, жер учаскесі және басқа да мүлкін жасырған, ал 13 отбасы табыстарын көрсетпеген.
"Бұл заң бұзушылықтар бойынша прокурорлармен әкімдікке заңдылықты бұзушылықтарды жою және 36 млн теңгеден астам қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізілді", - дейді прокуратура өкілдері.