"Эшелон-2025": ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы әскерлердің дайындығын тексерді

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 қыркүйек – Sputnik. Беларусьтағы "Лосвидо" полигонында "Эшелон-2025" атты материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының қатысуымен арнайы оқу-жаттығу өтті, деп хабарлады ҰҚШҰ оқу-жаттығуларының бірлескен баспасөз орталығы.
Оның аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Біріккен штабының бастығы, армия генерал-полковнигі Андрей Сердюков әскери бөлімшелердің іс-қимылымен танысты.
Оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің (ЖӘҰК) мүддесіне автокөлік бөлімшелерімен материалдық құралдарды жеткізу бойынша практикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды.
"Көлік құралдарын дрондардың шабуылынан қорғау үшін олардың жолында тор маскаларымен және әуебақылау бекеттерімен жабдықталған дәліз ұйымдастырылды. Материалдық ресурстарды негізгі күштерден бөлек жұмыс істейтін бөлімшелерге жеткізу үшін мультикоптерлер пайдаланылды", - деп жазылған хабарламада.
ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы РФ Қарулы Күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бірлескен бөлімшесінің басқару пунктіне арналған жабдықтың нұсқасын қарап шықты.
Оқу-жаттығудың бұл элементі күрделі жағдайда далалық командалық пункттердің өміршеңдігін қамтамасыз ету бойынша техникалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Оқу-жаттығу аясында заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып әзірленген тыл қызметтері техникасының перспективалық үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ұсынылған үлгілер қорғаныс ведомстволарының Ұжымдық күштерді техникалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін техникалық жабдықтауды жақсартуға және озық технологияларды енгізуге ұмтылысын көрсетеді.
"Беларусь Республикасының аумағында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен "Өзара іс-қимыл-2025" бірлескен оқу-жаттығуы өтіп жатыр, ол ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттің аумағындағы дағдарысты жағдайды реттеуге қатысу бойынша бірлескен операцияны дайындау және өткізу мәселелерін пысықтауға, барлау күштері мен құралдарымен арнайы оқу-жаттығуды өткізуге бағытталған", - дейді орталық мамандары.
Оқу-жаттығуларға Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы ҰҚШҰ әскерлерінің (ұжымдық күштерінің) контингенттері қатысуда. Олардың ішінде әскери контингенттер, ішкі істер органдарының (полиция) арнайы бөлімшелері, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері, төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ Біріккен штаб пен ҰҚШҰ хатшылығының жедел топтары арасынан арнайы жасақ құрамалары бар. Барлығы 2 мыңнан астам әскери қызметші және 450 бірлік қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 9 жауынгерлік ұшақ пен тікұшақ, 70-тен астам түрлі типтегі ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған.