АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандардың жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында мыңдаған маман жұмыс істейді. Олар ерекше балаларды емдейді, жаттықтырады, кейбіреулері үйіне барып оқытады.
"Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым", - деді Сәрсенғалиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Депутат жазғы каникул кезінде Астана қаласындағы "Жансая" әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барғанын атап өтті. Онда 640 бала ем алады. Ал орталықтағы 160 қызметкердің орташа жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Ешкім мұндай айлыққа жұмысқа келгісі келмейді. Былтыр орталықтан 53 қызметкер кетсе, 2025 жылдың алты айында 28 маман жұмыстан кетуге арыз жазған. Ал "Шарапат" атты мекемеде қарияларға күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңгеден аспайды.
"Үкіметтің өмірі өзгермейтін 1193 деген бұйрығы бұқараның базынасын бұйым құрлы көрмей тұр. Ағайынның айлығын өсіру үшін 1193 деген бұйрықты өшіру керек, бірақ оған үкімет үкім етер емес. Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада қызмет ететін педагогтарды білім беру жүйесіндегі педагогтармен теңестіру керек", - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ ол әлеуметтік сала мен азаматтық қызмет саласы қызметкерлерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін басым санаттарға енгізіп, төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық бағдарламаларды әзірлеуді ұсынды.