Мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салынады – мөлшері жарияланды

Балалар өз құқықтарының бұзылғаны жайында анонимді әрі жедел хабарлай алады
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллинг үшін салынатын айыппұлдың көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде "ДосболLIKE" антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама "шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау үлгісі" тәртібі бойынша жұмыс істейді. Соның аясында арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары да қолданылады.
"Балаларға психологиялық қолдау көрсететін 20 орталық өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орталықтар буллинг, зорлық-зомбылық және дағдарыс жағдайларына байланысты балаларға, ата-аналарға және педагогтерге көмек көрсетеді. Кеңес беру және шұғыл көмек тәулік бойы қолжетімді", - дейді министрлік мамандары.
Қазіргі кезде "111" байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектепке орналастырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылғаны жайында анонимді әрі жедел хабарлай алады. Арыз-шағым тәулік бойы қабылданады.
Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік те белгіленген. Айыппұлдың көлемі – 10 АЕК (2025 жылы – 39 320 теңге), ал осы әрекет қайталанған жағдайда – 30 АЕК-ке (2025 жылы – 117 960 теңгеге) дейін артады.
Бұдан бөлек, қоғамдық көліктен балаларды түсіруге тыйым салынды. Бұдан былай, 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз мәжбүрлеп түсіріп кетуге болмайды. Ол үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.