АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Қытайдың China Daily газеті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен экономикалық қарым-қатынас басты тақырып болды. Тоқаев жазғандай, 2024 жылы екіжақты сауда тарихи жоғары деңгей - 44 миллиард долларға жетті, бұл Қытайдың Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі ретіндегі мәртебесін нығайтты.
"2005 жылдан бері Қытай кәсіпорындары Қазақстанға 27 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, бүгінде біздің елімізде технологиялық прогресс пен өнеркәсіпті жаңғыртуда маңызды рөл атқаратын 6 мыңға жуық компания жұмыс істейді", - деп жазды Тоқаев.
Қазақстан мен Қытайдың тағдыры көне Жібек жолынан бері тоғысқан, деді президент.
"Ал қазір біз жаңа көлік артерияларын дамыту арқылы осы мұраға сүйеніп жатырмыз. 2013 жылы Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет жариялаған "Бір белдеу, бір жол" бастамасы осы тарихи ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады. Бұл заманауи сауда және көлік бағыттары желісі Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтты және Қытайдың мықты экономикалық күшін көрсетті", - деді мемлекет басшысы.
– Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) қарқынды дамуы бірлескен күш-жігердің айқын мысалы, деді Тоқаев. Бұл Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы үзіліссіз жүк ағыны үшін ең қысқа және тұрақты жол.
"2024 жылы "Достық-Мойынты" қосымша теміржол желісінің іске қосылуы Қазақстанның Қытай-Еуропа дәлізі бойынша транзиттік әлеуетін бес есеге арттырады. Өткен жылы біз қытайлық әріптестерімізбен бірге Сиань қаласында сауда-логистикалық орталықты аштық, бұл байланыстарымызды одан әрі нығайта түсті. Теңіз саласындағы ынтымақтастықтың маңызы одан кем емес", - деп жазды президент.
Қытайдың Ляньюньган портының басшылығымен бірлесіп Қазақстанның Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының аяқталуы Орталық Азия мен Каспий аймағына қызмет көрсететін, логистикалық қызметтердің толық кешенін ұсынатын контейнерлік парк құруға мүмкіндік берді, деді ол.
Тоқаев сондай-ақ Қытайда өтетін ШЫҰ саммиті жайлы айтып, бұл Ұйымның болашақ дамуын айқындайтына сенім білдірді.
"ШЫҰ-ның өзара сыйластық пен бірлескен дамуға негізделген ұстанымы бұрынғыдан да өзекті. Төраға Си Цзиньпин айтқандай, Қытай мен Қазақстан "жаңару жолындағы әріптестер". Олар бірігіп, ортақ көзқарас пен келісілген іс-әрекет қазіргі заманның көптеген сын-қатерлерін еңсере алатынын әлемге дәлелдеп, үлгі көрсете алады", - деп жазды Тоқаев.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара құрмет пен ортақ көзқарас серіктестікті жаңа жетістіктерге айналдыруды жалғастырады, деді президент. Бұл екі елге де нақты пайда алып келіп, аймақтық және жаһандық өркендеуге ықпал етеді, деді Тоқаев.