АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Алматыда "Келешек мектептері" жобасы аясында 12 мектеп ашылады, оның 7-уі Конституция күні мен Білім күніне орай, 5-уі қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Алдымен ашылатын жеті мектеп Теректі, Самғау, Қарасу, Ақбұлақ, Нұрлы Дала шағын аудандарында, сондай-ақ Левитан көшесі мен Райымбек даңғылында орналасқан.
"Оқыту процесін қамтамасыз ету үшін 693 педагог жұмысқа алынды. Оның ішінде 350-і enbek.kz порталы арқылы конкурс негізінде іріктелген, 343-і басқа білім беру ұйымдарынан ауыстырылған", - дейді әкімдік мамандары.
Биылғы Білім күніне арналған салтанатты жиындар 1 қыркүйекте тек 1-сынып және бітіруші 11-сынып оқушылары үшін өтеді. Қалған сыныптар үшін 2 қыркүйекте Білім күніне арналған сынып сағаты ұйымдастырылады.