АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Астана мәслихатының депутаттары жастарға білім гранттарын табыстады.
Білім гранттары елордалық жоғары оқу орындары мен колледждерде оқу үшін берілді.
Іс шара қалалық мәслихат депутаттары меценаттар мен серіктес оқу орындарының қолдауымен ұйымдастырды.
"Конституция күні қарсаңында біз, мәслихат депутаттары бірнеше жылдан бері келе жатқан игі дәстүрді жалғаймыз. Гранттар ерекше қолдауды қажет ететін жастарға беріледі. Олар – көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың балалары, сондай-ақ қаланың дамуына үлес қосып жүрген белсенді волонтерлер", – деді қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Гранттар гуманитарлық және техникалық бағыттар бойынша жоғары сұранысқа ие мамандықтарға бөлінді.
"Мен екі жыл бойы волонтерлікпен белсенді айналыстым және IT саласына қызығып жүрмін. Енді берілген гранттың арқасында "Тұран" университетіне "қаржы" мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұл – алға жасалған үлкен қадам әрі отбасым үшін зор қолдау", - деді волонтер Ілияс Мұстафин.