АЛМАТЫ, 29 тамыз – Sputnik. Алматыдағы Весновка каналында қызыл түсті су ағып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл көрініс қала халқының үрейін ұшырды.
"Бір апта бойы жаңбыр жауған жоқ, бірақ өзен қайтадан қызыл, улы суға айналды. Бұл – табиғат емес, бұл – суды улайтын және қала экологиясын құртып жатқан кәсіпорындардың шығарған заттары", - дейді қала тұрғыны әлеуметтік желіде тараған видеода.
Тұрғындар Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы мен Алматы қаласының прокуратурасына талап қойып жатыр.
"Суды улағандар мен кінәлілерді анықтаңыздар. Оларды жауапқа тарту керек", - дейді алматылықтар.
Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлімсейітов түсініктеме берді. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне күні кеше сынама алынғанын жеткізіп, оның нәтижесі туралы қосымша хабарланатынын айтты.