Қазақстан экономикасының өсімі рекордтық көрсеткішке жетті

Елге тартылған инвестиция 2024 жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға артқан
Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз — Sputnik. 2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан экономикасының өсімі соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке — 6,3%-ға жетті, деп хабарлады үкімет.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
"Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке – 6,3%-ға жетті. Нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құраса, қызметтер өндірісі 5,2%-ға артты", - деп жазылған хабарламада.
Негізгі драйверлер көрсеткіштері келесідей:
көлік +22,5%,
құрылыс + 18,5%,
сауда +8,6%,
тау-кен өнеркәсібі +8,5%,
өңдеу секторы +6,1%.
2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,9 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға артық (8,3 трлн теңге).
2025 жылдың 7 айында инвестиция негізінен:
тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу,
жылжымайтын мүлік операциялары,
көлік және қоймалау,
білім беру,
ауыл шаруашылығы,
орман және балық шаруашылығы,
денсаулық сақтау,
халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларының есебінен өсті.