АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Қауіпсіздік кепілдігі Украинадағы қақтығысты реттеу жолдарын іздеудегі ең маңызды мәселелердің бірі, деп мәлімдеді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, деп хабарлады РИА Новости.
"Әрине, бұл Украинадағы қақтығысты реттеу жолдарын іздеудегі деген талпыныс контекстіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл тақырып жүргізіліп жатқан байланыстардың күн тәртібінде әрқашан тұрады", - деді Песков журналистердің қауіпсіздікке қатысты сұрағына жауап бере отырып.
Ресей басшысының баспасөз хатшысы бұл тақырыпты қоғамдық форматта талқылауды тиімсіз деп санайтынын айтты.
Ол Украина мәселесі бойынша Ресей мен АҚШ арасындағы жұмыс нәтижеге жету үшін жария емес форматта жүргізілуі керек екенін мәлімдеді.
"Біз жұмысты жария емес форматта жалғастыру керек деп есептейміз. Бұл нәтижеге жетудің жалғыз жолы", - деді ол.
15 тамызда Аляскада Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың келіссөздері өтті. Көшбасшылар Анкориджедегі Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында кездесті. Шағын форматтағы келіссөздер 2 сағат 45 минутқа созылды.
Кездесуге Ресей тарапынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президенттің көмекшісі Юрий Ушаков қатысты. АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысты.