АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Абай облысында 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық кешенді түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлады облыстық әкімдік.
Ведомство хабарлауынша, өңір жаңа оқу жылын жаңартылған мектептер, жаңа кабинеттер, толық қауіпсіздік және жылытуға дайындықпен қарсы алады.
Белгілі болғандай, облыста үш ауысымды мектеп жоқ. "Реновация" бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдары 75 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Биылдың өзінде 8 мектеп толық жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін дайын болады.
"Сонымен бірге "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешіледі", - деп жазылған хабарламада.
Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.