АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Астанада көлігіне жалған нөмір тағып алған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тоқпанов көшесінде патрульдеу барысында полицейлер BMW автокөлігін тоқтатты. Рөлде 37 жастағы елорда тұрғыны отырған.
"Тексеру кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірі бұл көлікке тиесілі емес екені анықталды. Құқық бұзушы өз нөмірі әлі рәсімделмегендіктен, оларды басқа көліктен шешіп алғанын түсіндірген", - деп жазылған хабарламада.
Алайда мұндай әрекеттер заңмен қатаң тыйым салынған және өрескел құқық бұзушылық болып саналады. Жүргізуші біле тұра жалған нөмірмен көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен оған әкімшілік қамауға алу жазасы кесіліп, бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция бөгде немесе жалған нөмірлі көлікті пайдалану "айлакерлік" емес, заңды тікелей бұзу екенін ескертті.