АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Елімізде 31 тамыздан бастап бастапқы нарықтағы үйлерден пәтер сатып алудың жаңа ережесі күшіне енеді.
Оған сәйкес, үйді алу мен сатудағы барлық операция енді тек банк арқылы жүргізіледі. Яғни қолма-қол ақша қабылданбайды, деп хабарлады КТК.
Құрылысы жүріп жатқан нысандардан тұрғын үй алуға ипотека беру тоқтатылады. Келісім тек үй салынып біткеннен кейін жасалуы керек.
Бұған қоса үлескерлердің ақшасына бой көтеріп жатқан баспаналардың жарнамасын жасауға сол пәтер иелерінің рұқсаты болғанда ғана жол беріледі және бұл мақсатта үлескерлердің ақшасы тек келісіммен жұмсалуға тиіс. Ал құрылыс барысын әкімдік бақылауда ұстайды.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері туралы заң жобасына сәйкес, көппәтерлі үйді тапсыру мерзімі жобада көрсетілген уақыттан 5 айдан артық кешіктірілмеуі керек. Заңға бағынбаған қомпанияларға айыппұл сомасы артпақ.
Айта кетерлігі, ереже тек жаңа салынып жатқан үйлерге қатысты. Екінші нарыққа мұндай шектеу қойылмайды.