Жаңартылған автокредит бағдарламасының іске қосылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Ол алаяқтық мақсатта таратылған болуы мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "АвтоЖол+" атауымен жеңілдетілген автонесиелеудің жаңартылған бағдарламасы іске қосылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Министрлік бұл хабарламада көрсетілген шарттармен бағдарламаның іске қосылғаны жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ", - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше жалған хабарламада автокөлік құнының 10%-дан 50%-ға дейінгі бөлігі субсидияланатыны, несие мөлшерлемесі жылдық 2%-дан басталатыны, бастапқы жарна болмайтыны және т.б жеңілдіктер берілетіні айтылған.
"Аталған ақпараттық материал жалған, ол алаяқтық мақсатта жасалған болуы мүмкін", - дейді мамандар.
Министрлік азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін тексерілмеген сайттарда енгізбеуге, сондай-ақ тек ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырды.
Кредит беру тәртібі қалай өзгереді