Астанада қайырымдылық қорларының жымысқы әрекеті әшкере болды

Қорлар "қайырымдылық" деген желеумен өзге мақсаттарға шамамен 340 млн теңге жинаған
Sputnik
АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Астанада жасөспірімдерді пайдаланып, қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинаған қайырымдылық қорларының жымысқы әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейдтер жүргізілді.
"Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008–2010 жылы туған) жасөспірім анықталды. Олармен ешқандай шарт жасалмастан, 3 қайырымдылық қоры оларды волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігін бұзу)", - деп жазылған хабарламада.
Аталған қорлар "қайырымдылық" деген желеумен өзге мақсаттарға шамамен 340 млн теңге жинаған.
Аталған дерек бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша) қылмыстық іс қозғалды.
Прокуратураның мәліметінше іс аясында кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қордың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне бөлек құқықтық баға беріледі.
Қайырымдылық қорларын мемлекет бақылауы керек пе? Қаржы министрі пікір білдірді