АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында алтынды заңсыз өндірумен айналысқандар анықталды, деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігі.
Күдіктілер Шыбынды өзенінің аңғарында бағалы металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдаланумен айналысқан.
Күдіктілер заңнама талаптарын бұзып, лицензиясыз екі жыл бойы өзен арнасын өзгерте отырып заңсыз алтын өндірген.
"Кен өндіруде ауыр арнайы техника мен кенді қайта өңдеуге арналған өнеркәсіптік жабдық қолданылған. ЖШС заңсыз қызметі салдарынан келтірілген тек экологиялық залал 300 млн теңгеден асты", - деп жазылған хабарламада.
Тінту барысында құны 382 млн теңге құрайтын 6 кг алтын тәркіленді.
Ұйымдастырушы екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.