Бектенов елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттарын атады

Sputnik
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын атап өтті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Өзара сауданы дамытуға және сыртқы экономикалық байланыстарды арттыру жөніндегі бірлескен шараларға, жеткізушілердің мемлекеттік сатып алуларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
"Көлік және логистика саласында өңірдің барлық мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, баламалы бағыттар құрудың өзектілігі айқындалды. Бүгінгі таңда келешегі зор көлік бағыттарының бірі – өткізу қабілеті 10 млн тоннаға дейін жүкті құрайтын "Тургунди-Герат" теміржолы жобасы", - деп жазылған хабарламада.
Сауда ағындарының тұрақты өсуін және әртараптандырылуын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО-ның үшінші елдер мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастығын кеңейту маңызды. Қазақстан әр түрлі форматтағы серіктестермен өзара іс-қимылды тереңдетуді жақтайды.
Жиын барысында қатысушылар газ, мұнай, мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, сондай-ақ тауарлардың биржа нарығын қалыптастыруға қатысты баяндамаларды тыңдады. Биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасы бекітіліп, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын дамыту тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл құжаттарды іске асыру ЕАЭО шеңберінде әріптес елдердің сапалы әрі қауіпсіз өнімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қатысушылар климаттық күн тәртібін іске асыру, көлік дәліздерін цифрландыру, еңбек нарығындағы біліктілік талаптарының жақындасуы және басқа да мәселелерге қатысты пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша 10 құжатқа қол қойылды.
ЕҮАК-тың келесі отырысы биылғы 29-30 қыркүйекте Минск қаласында (Беларусь) өтеді.
Астанада Еуразиялық тұрақтандыру қорының штаб-пәтері ашылады