Үкімет Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын дамытуға қомақты қаржы бөлді

Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды
Sputnik
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға үкімет резервінен қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
305 млн теңге "Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты" комерциялық емес акционерлік қоғамының шотына аударылады.
Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды. Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді.
Бұдан бөлек, теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.
"Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталып, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, Каспий теңізі бірегей экожүйе және су биоресурстарының аса маңызды көзі, сондай-ақ батыс өңірлер мен жалпы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.
Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауының ұзындығы 2320 шақырым, бұл барлық Каспиймаңы мемлекеттері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы.