АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысындағы Талас ауданында қорлық көрді делінген балалардың анасы Назерке Нұрмұхамбетова Sputnik Қазақстан тілшісіне өз шындығын айтты.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға аядай ғана Көктал ауылында болды. "Туыстарым сүттей ұйып отырған отбасымның ойранын шығарды" деген Назерке Нұрмұхаметова оқиғаның басқаша өрбігенін айтады.
Жамбыл облысында өгей балаларын ұрды деген күдікке ілінген Ұзақбай Таубаевтың үйі
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Қой бағып жүрген балаларымды туған әпкем ұрлап әкеткен. Әкетерден бұрын көпір астында біздің ауылдың Аймадияр деген қойшысына видео түсіртіп, оны өзіне жіберткен. Аймадияр сол күйі қашып кетті, ауылда жоқ. Екі күн балаларымды таппай, полицияға беріп, әбден әуреге түстік. Сөйтсек Алматының полициясы балаларымды Талғар ауданынан тауып алған. Әпкем сол жаққа ұрлап әкеткен, өзі сол жақта тұрады. Балалар жоғалды деп хабарласқанымда ләм деп айтпады, "жоғалттың, енді тап" деумен болды", - дейді балалардың анасы Назерке.
Әпке мен сіңлі арасындағы араздық
Алғашқы некесінен жолы болмай, үш баламен қаңғып қалған Назерке 2019 жылы қазіргі жолдасы Ұзақбай Таубаевпен бас қосады. Одан бұрын 2015 жылғы үшінші баласы Ерсінді босанған бойда әпкесінің бауырына салып берген. Өзі күндіз-түні жұмыс істеп, әр жерден нәпақасын тапқан. Ал үлкен екі ұлын мектеп интернатта оқытқан.
"Әпкеме баламды бергенім рас. Ол кезде құжатын рәсімдеп, заңды түрде бала етіп ал дедім. Бірақ жездем "басымда үйім жоқ, пәлеге қаламын" деп жолатпады. Осыдан бес ай бұрын Талғар қаласындағы мектеп директоры маған телефон соғып, сол әпкеме берген Ерсін деген балам мүлдем әріп танымайтынын айтты. Расымен 10 жастағы балам атын да жаза алмайды, не санай алмайды. Мектеп басшылығы баланы өзіңізге қайтарып алыңыз деді", - дейді көпбалалы ана.
Даудың басы...
Дау осы жерден басталған. Бұған дейін қарым-қатынасы дұрыс болмаған ағайынды арасында соңғы бес айда жанжал тіпті ушығады.
Осы ауылда екі үйдің жағдайы жақсы болса, бірі сол Ұзақбайдың үйі, дейді көршілері
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Ерсінді алып келіп, өзіміз жақтағы мектепке бердім. Ол кісілер төртінші тоқсан болғандықтан әрең қабылдап, 2-сыныпты бітіртіп берді. Өзім де үйде жатпай-тұрмай әріп танытып оқытумен болдым. Бірақ Ерсін келгелі қолымдағы екі үлкен егізімнің мінезі күрт өзгерді. Телефон дегенге қарамайтын балаларым телефоннан шықпайтын болды. Әкесі екеумізге үнемі қарсы шығады. Құран жаттап жүрген ұлдарым сөзімді тыңдауды қойды. Сөйтсем Ерсінді баққан әпкем қайта-қайта телефон соғып, балаларыма неше түрлі етіп жазып, әбден бізді жаманатты етіп тастаған", - дейді Назерке.
"Әпкеме назалымын"
Балаларымды бауырына басып, бала еткен адамымды таптым, енді бақытты болдым дегенде шаңырағым ортасына түсті, дейді Назерке Нұрмұхаметова.
"Ел күйеуін жақтады деп мені жамандайды, білемін. Үлкен екі ұлым 16 жаста. Бизнес колледжге күйеуім бар күшін салып жүріп грантқа түсірді. 100 шақты ұсақ мал бар. Жолдасым үнемі "18 жасқа толған соң қалаған тірліктеріңді жасаңдар. Ана малды қақ бөліп еншілеріңді беремін. Бір күнде тойларыңды жақсылап жасап беріп, екі үйге бөліп шығарамын" деп айтатын. Жолдасымның 6 жылдағы берген тәрбиесі, қамқорлығы, жасаған жақсылығын әп-сәтте жоққа шығарған әпкеме назалымын", - дейді көпбалалы ана.
Балаларының мінезі күрт өзгерген соң ерлі-зайыпты жеке отырып та сөйлескен. Туған әкесіне барғысы келсе рұқсат беретінімізді де айттық дейді. Алайда балалар өгей әкесін әкелеп, үйінен кетпеген.
Баланың денесі неге көгерді
Назерке әлеуметтік желідегі ақпараттың бәрін жоққа шығарды. Айтуынша, оқиға мүлдем басқаша болған.
"10 жастағы Ерсін ап-арық, талдырмаш. Бұл өзі қозы-лақпен ойнағыш. Алдында ғана теке сүзіп, сүйрелеп, әрең алып қалдық. Ал ана үсті-басы жара деген Нұрсұлтанның денесін темір жырып кеткен. 5 жыл бойы құлдықта ұстады деген ақпараттың бәрі жалған. Қазіргі күні бала дегенді бір рет нұқып қалсаң қаша жөнеледі. Ал Ерсінім таяқтамақ түгілі шапалақпен тартып жіберсең де жаны қалмайды, әлсіз", - дейді ана.
Назерке балаларының үстіндегі көгерген дақты әлеуметтік желідегі фотодан көрген.
"Осыдан 3-4 күн бұрын Нұрсұлтанның мойнындағы көгерген дақты әлеуметтік желіден көрдім. Кеше балаларды көруге барсам, Нұрсұлтанның мойнында көк жоқ, Ерсіннің мойны көгеріп тұрды. Ой тоба, мыналардың мойнын ауыстырып жіберген бе деп қалдым. Сосын қолымды ақырын сулап, ана көгерген жерін сүртіп көрейін деп едім Ерсін ойынға айналып жүгіріп кетті", - дейді ана.
Жамбыл облысында өгей балаларын ұрды деген күдікке ілінген Ұзақбай Таубаевтың шаңырағы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Шаңырағымды ортасына түсірді"
Балаларымен сөйлесуге зар болған анаға уақытша бейімдеу орталығының мамандары кеңес берген.
"Балаларыңызды сондай қарсы етіп тастаған. Мейірімге барынша баурап, кейінірек сөйлесіңіз деді. "Әкелеп" жүрген баларымнан айырды, "балаларым" деп жүрген күйеуімнен айырды. Осының бәрі әпкемнің кесірі. Мен оны заң жүзінде ешқашан маған жоламайтындай етіп тастаса деймін. Балаларымның тәрбиесі өте жақсы, бетіме келіп көрмеген. Айдың-күннің аманында бауырдың салдарынан шаңырағым ортасына түсті", - деп жылайды көпбалалы Назерке Нұрмұхаметова.
Назерке шиеттей үш баласымен Тараз бен ауыл ортасын тоздырып жүр. Бір апта болды, бұл отбасында не береке, не тыныштық, не баланың күлкісі жоқ.
"Жазылып жатқан барлық ақпарат жалған. Әпкемнің жаласымен ғана тарап жатыр. Мені де тыңдайтын адам болса екен деймін. Өтінемін, балаларымды, күйеуімді қайтарып беріңіздерші", - деп жылады көпбалалы ана.
Ауыл жұрты не дейді
Назерке мен Ұзақбай Тұрбаевтың отбасы туралы Sputnik Қазақстан тілшісі Көктал ауылының тұрғындарынан сұрап көрді. Айтуларынша бұл жағдай бір отбасы емес, ауыл жұртының жанын қайыстырып тұр.
"Ұзақбайды бала ұрады дегенге өз басым еш сенбеймін. Өте еңбекқор адам. Осы ауылда екі үйдің жағдайы жақсы болса, бірі сол – Ұзақбайдың үйі. Ол адам кісіге қарсы сөз айтып, не болмаса жанжалдасып, не бір адаммен араздасқанын көрмедік. Балалар күнделікті көз алдымызда жүр ғой. Ондай бір тозып жүргенін көрмедік. Өгей әке өгейлік жасады дегенге осы ауылда ешкім сенбейді", - дейді Көктал ауылының тұрғыны.
Балалардың бес жыл жеген таяғының ең болмаса біреуін көрер едік деген ауылдықтардың Назерке туралы да пікірі жақсы.
"Үш баласымен қанатының астына алып, пана болып жүрген адамды апарып қамады да тастады. Ал егер ол сотталса, ана балаларды Назерке қалай бағады? Ол бір беталды жүрген әйел емес, төрінен қонақ арылмаған жап-жақсы, берекелі отбасы. Баланың ойын бұзып, басқа көзқарас туғызған адамдар кінәлі. Ертеңгі күні балалар арнайы мекемеге өтсе, күйеуі сотталса не болады?, - деп кейіді тұрғындардың бірі.
Назеркенің екінші күйеуінен үш баласы бар. Ең кішісі үш айлық. Қазіргі уақытта шақалақты көтеріп, көпбалалы ана шындық іздеп жүр.
Қорлық көрдік деген үш баланы туған әкесіне қайтару мәселесі де көтерілген. Алайда ол әке басқа үш баласы барын айтып, туған балаларынан түбегейлі бас тартқан.
Қазіргі уақытта Таубаевтар отбасындағы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Үш бала уақытша бейімдеу орталығында.