АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. "KMF Банк" акционерлік қоғамына банк операцияларын жүргізуге арналған лицензия берілді. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
"Жаңа банк Қазақстандағы екінші деңгейдегі 23-ші банкке айналды және елдегі ірі микроқаржы ұйымын қайта құру жолымен құрылды", - делінген хабарламада.
KMF 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қаржы секторының ең тұрақты қатысушыларының бірі, дейді агенттіктегілер.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ұйым активтер көлемі, портфелі және клиенттер саны бойынша Қазақстанның микроқаржы ұйымдары арасында бірінші орынды иеленді.
"Жұмыс істеген жылдары KMF ауқымды өңірлік желі құрып, өзін әлеуметке бағдарланған және қаржылық тұрақты институт ретінде көрсетті", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Биыл 1 тамыза KMF активтері 395 млрд теңгені құрады. Кредиттік портфель 315 млрд теңгеге жетті.
"KMF Банк" АҚ банк қызметінде шағын және орта бизнесті қаржыландыруда, оның ішінде шалғай өңірлер мен ауылдық жерлерде, сондай-ақ дәстүрлі банкинг пен цифрлық шешімдерді біріктіре отырып, банк қызметтерінің желісін кеңейтуде басымдықты сақтауды жоспарлап отыр.
KMF Банкі 2025 жылы банктік лицензия алған екінші жаңа банк болды.
Бұған дейін 25 маусымда "БиЭнКей коммерциялық банкі" АҚ-ға лицензия берілген болатын. Бүгінде елімізде екінші деңгейдегі 23 банк жұмыс істейді, оның ішінде 11-і шетелдік қаржы топтарының қатысуымен жүзеге асып жатыр.